ОРАЗАНЫ БҰЗАТЫН ЖӘНЕ БҰЗБАЙТЫН АМАЛДАР Оразаны қандай амалдар бұзады және бұзбайды? Ораза бұзылған жағдайда оның өтеуі қалай орындалады? -Ораза ауыз, мұрын және құлақ сияқты табиғи жолмен асқазанға және миға ас-су, дәрі-дәрмек және т.б. заттар енумен бұзылады. Сонымен бірге, әл-күш беретін қан тамыр арқылы егілген дәрі-дәрмек. Сондай-ақ, жыныстық қатынас. Ал, енді аздап кеңірек айтар болса, оразаны төмендегі амалдар бұзады: 1. Әйелін сүю, аймалау немесе құшақтау арқылы бойынан ұрық шықса; 2. Ноқат дәнді, тасты немесе темірді жұтса; 3. Клизма қою, темекі мен насыбай ату; 4. Құлаққа дәрі тамызу; 5. Қарынның асқазанмен байланысы бар жарақатына немесе бастың мимен байланысы бар жарақатына сұйық дәрі құю. Дәрі асқазанға немесе миға барса, ораза бұзылады; 6. Таң атпады деп сәресі ішуді жалғастырып, кейіннен таң атып кеткені белгілі болса; 7. Күн батты деп ауыз ашып, артынан күн батпағаны мәлім болса. Жоғарыда аталған жағдайда ораза бұзылады және қазасы өтелуі керек1. С: Еріксіз құсу және өзін мәжбүрлеп құстыру оразаны бұзады ма? Ж:Еріксіз құсса ораза бұзылмайды. Ал, әдейілеп өзін құстырса және аузы толып құсса, оразаның қазасын өтеуі қажет. С: Қандай жағдайда оразаның қазасымен қоса кәффаратын да өтеу қажет? Ж: Келесі жағдайларда оразаның қазасы және каффараты бірге өтеуі керек: 1. Әйелімен әдейі жыныстық қатынасқа түссе; 2. Қорек немесе ем болатын тағам немесе дәрі-дәрмекті қасақана ішіп-жесе. Бұл жағдайда ораза бұзылады. Және оразаның қазасымен қатар кәффараты да өтелуі парыз болады. С: Кәффарат деген не? Ж: Кәффарат – бір құлды азат ету. Бұған шамасы келмейтін адам қатарынан арасын үзбей екі ай ораза тұтып беруі тиіс. Оған шамасы келмесе алпыс мұқтажды тамақтандыруы керек. С: Рамазан оразасынан басқа оразаларды бұзған кісіге де кәффарат өтеуі міндет пе? Ж: Рамазан оразасынан басқа уәжіп немесе нәпіл оразаларды бұзған кісі кәффарат өтемейді. Тіпті, рамазан қазасын бұзса да. Тек оразаның қазасын өтеумен шектеледі. С: Оразаны не нәрсе бұзбайды? Ж: Төмендегі амалдар оразаны бұзбайды: 1. Ұмытып тамақтану, сусын ішу және жыныстық қатынас жасау; 2. Ораза тұтушы ұйықтап жатып бойынан ұрық кетсе; 3. Әйелге қарап бойынан ұрық кетсе; 4. Аяқ-қолына және денесіне май (крем) жағу; 5.Қан алдыру (хижама), көзіне сүрме жағу; 6. Әйелін сүйсе, бірақ бойынан ұрық шықпаса2. Руслан Қамбаров 1 Әл-Лубәб, 165-167 бетте 2 Әт-Тасһил әд-Дарури, 125-127 беттер

Теги других блогов: ораза бұзу қаза кәффарат